Сурет: istockphoto.com
Қытай Тайвань аралының шығысындағы су айдынында арнайы теңіз операциясын бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» агенттігі хабарлады. Операцияға Фуцзянь теңіз бюросы, Гуандун теңіз бюросы, Шығыс Қытай теңізінің кеме қатынасы қауіпсіздігі орталығы және Шығыс Қытай теңізінің құтқару бюросы қатысып жатыр.
Қытай тарапының мәліметінше, операцияның басты мақсаты – елдің юрисдикциясын нығайту, теңіздегі кеме қозғалысын бақылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ресми Бейжің бұл қадамды Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз шекарасы бойынша келіссөздер жүргізу туралы мәлімдемесіне жауап ретінде жасап отыр.
Ал Тайваньның жағалау күзеті әкімшілігі Қытайдың әрекетін халықаралық құқық нормаларын бұзу деп бағалады. Тайвань тарапы жағдайға жауап ретінде аймаққа алты кеме жіберген. Тайваньдың CNA агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың төрт кемесі Сямэнь портынан шыққанымен, Тайваньның аумақтық суларына кірмеген.

