Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 59-ы мемлекеттік. Олардың қатарында 11 республикалық және 48 өңірлік театр бар. Бұл театр өнеріне деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, театрдың дамуы ел мәдениетінің деңгейін анықтайтын маңызды көрсеткіш. Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылық тұрақты сақталып келеді. Мұны көрермендер санының артуы мен жаңа қойылымдарға сұраныстың жоғары болуы дәлелдейді.
2025 жылы мемлекеттік театрлар 410 жаңа қойылым ұсынып, 539 гастроль өткізді. Оның 495-і ел ішінде, 44-і шетелде болды. Бір жылда 16 мыңға жуық спектакль сахналанып, оларды 2 832 835 көрермен тамашалады.
Қазақстандық театрлар халықаралық фестивальдерге белсенді қатысуда. 2025 жылы олар 101 халықаралық және 90 республикалық фестиваль мен байқауда өнер көрсетті. Нәтижесінде 13 қойылым «Гран-при» және «Үздік спектакль» аталымдары бойынша жоғары марапаттарға ие болды.
Биыл жыл басынан бері мемлекеттік театрларға 611 685 көрермен барды. Осы уақыт ішінде 197 жаңа спектакль сахналанды, оның 146-сы отандық авторлардың, 47-сі шетелдік драматургтердің шығармалары негізінде қойылды.
Театрлар халықаралық мәдени серіктестікті тереңдетуге мән береді. Жыл басынан бері 106 гастроль ұйымдастырылды, оның ішінде Ресей, Сингапур және Түркияға өнер сапарлары бар. Сондай-ақ отандық ұжымдар Ресей, Испания, Беларусь және Түркиядағы халықаралық фестивальдерге қатысуда.
Ыстамбұлда өткен ТҮРКСОЙ халықаралық театр сыйлығының XI марапаттау рәсімінде «Астана Опера» театрының режиссері «Үздік театр режиссері» атанды. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Romeo and Juliet» спектаклі Санкт-Петербургтегі XXVII халықаралық жастар театр фестивалінде «Үздік спектакль» деп танылды.
Мемлекет тарапынан театр саласына жүйелі қолдау көрсетілуде. Биыл Мемлекет басшысы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебесі, ал Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілетінін айтты.

