Categories Жайық news

Астанада 15 мың «елес» пациент тіркеп, 80 млн теңге жымқырған клиника басшысына үкім шықты

Астанада медициналық ұйымның құрылтайшысы 15 мыңнан астам адамды клиникаға жалған тіркеп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 80 миллион теңгеге жуық қаражатты заңсыз иемденген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сот анықтағандай, 2023 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында медициналық ұйымның құрылтайшысы азаматтарды өз клиникасына жалған тіркеу схемасын ұйымдастырған. Ол бұл жоспарын жүзеге асыру үшін Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының елордалық филиалының маманына ақшалай сыйақы ұсынып, жалған өтінімдерді мақұлдауын сұраған. Орталық қызметкері келісіп, қызметтік бабын пайдалана отырып, жалған деректерді растаған.

Нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам адам ресми түрде тіркеліп, ӘМСҚ-дан шамамен 80 млн теңге заңсыз алынған. Оның ішінде 7,5 млн теңге орталық қызметкерінің тікелей әрекетінен келген залал ретінде бағаланды. Қылмыстық жолмен табылған ақшаны сотталушылар өзара бөліп алған.

Прокурор клиника құрылтайшысын бес жылға, ал оның сыбайласын екі жыл сегіз айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар кінәсін толық мойындап, шартты жазамен шектелуді өтінген.

Сот үкімімен медициналық ұйымның құрылтайшысы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Ал оның сыбайласы үш жылға сотталды, бірақ рақымшылық туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі бестен бірге қысқартылып, екі жыл төрт ай болып белгіленді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Оралда картоп бағасы күрт төмендеді: бірден 85 теңгеге арзандады

Орал базарларында картоп бағасы 85 теңгеге түсіп, халық қуанышында шек жоқ. Бұл – үкімет басшысының…

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: 1000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Орал қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Игілікті шараға…

БҚО-да ауыл әкімдерінің алғашқы форумы: негізгі мәселелер мен шешімдер

Батыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімдерінің алғашқы форумы өтіп, онда инфрақұрылым, жол және су мәселелері…