Конституциялық сот төрағасы Жақып Асанов Ата заңның жеке өмірге қол сұғылмаушылықты реттейтін нормасын заман талабына сай жаңартуды ұсынды. Оның айтуынша, Конституция азаматтардың деректерін тек шынайы өмірде ғана емес, цифрлық әлемде де қорғауы керек, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Асановтың пікірінше, Конституцияның 18-бабы тек «офлайн» өмірді ескеріп жазылған, себебі ол кезде цифрлық әлем қазіргідей дамымаған еді. «Бұрын құжаттарымыз да, ақшамыз да қалтамызда жүретін. Біреу оны тартып алғысы келсе, физикалық тұрғыда жақындауы қажет болатын», – деп атап өтті ол.
Бүгінгі таңда жеке өмірдің қауіпсіздігі тек есіктегі құлып пен көшедегі камерамен шектелмейді. Сот төрағасының сөзінше, қауіпсіздік ұғымы жеке деректерді қорғайтын заңдарды, құқықтық тетіктерді және оны бұзғандар үшін бұлтартпас жауапкершілікті де қамтиды.
Ол мемлекеттің басты міндеті – әр адамның көшеде де, интернетте де өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету екенін еске салды.
«Конституция жеке деректерді шынайы өмірде қалай қорғаса, цифрлық әлемде де дәл солай қорғауы тиіс. Сондықтан конституциялық реформа аясында азаматтардың жеке деректері ерекше қорғалады деген нақты норманы енгізуді ұсынамын», – деді Жақып Асанов.
Фото: Әлеуметтік желіден

