Украина президенті Владимир Зеленский кез келген бітімгершілік келісімінің тағдырын, әсіресе Донбасс мәселесін жалпыхалықтық референдум шешетінін мәлімдеді, себебі украин қоғамы аумақтарды бейбітшілікке айырбастауды ешқашан қабылдамайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Axios басылымына сұхбат берген Зеленский америкалық делдалдардың «Ресей соғысты шынымен тоқтатқысы келеді» деген сигналына күмәнмен қарайтынын жеткізді. Ол делдалдарды Украина үшін «сәтсіз тарихқа» айналатын бейбіт жоспарды күштеп таңудан сақтандырды.
«Адамдар мұны эмоциялық тұрғыда ешқашан кешірмейді. Ешқашан. Бұл – біздің еліміздің бір бөлігі, онда біздің азаматтар, туымыз, жеріміз бар», – деді Зеленский аумақтардан бас тарту мүмкіндігіне қатысты.
Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың Киевті жеңілдіктер жасауға көпшілік алдында шақыруын «әділетсіздік» деп бағалады, бірақ бейбітшілік орнатуға бағытталған күш-жігері үшін алғысын білдірді. «Бұл оның қабылданған шешімі емес, тек тактикасы ғана деп үміттенемін», – деп қосты Украина басшысы және өзінің «қысымға көнетін адамдардың қатарынан емес» екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Вашингтон мен Киев кез келген түпкілікті келісімді референдумға шығару жөнінде уағдаласқан. Егер құжатта тек украин әскерін шығару мен Донбастың бір бөлігінен іс жүзінде бас тарту қарастырылса, халық оны қолдамайтыны анық. Алайда, қазіргі майдан шебін сақтап қалу нұсқасы қоғам тарапынан қолдау табуы мүмкін.
«Егер құжатқа қазіргі байланыс сызығын сақтайтынымыз туралы тармақ енгізсек, адамдар референдумда оны қолдайды», – деді Зеленский.
Сонымен қатар, ол келіссөздердегі негізгі серпіліс тек Путинмен жеке кездескенде ғана мүмкін болатынын тағы да қайталады. Ол өз командасына Женевада көшбасшылар деңгейіндегі кездесуді ұйымдастыруды тапсырған. Дегенмен, Ресей делегациясы басшысының ауысуы бұл үдерісті қасақана созып жіберуі мүмкін деген қаупін де жасырмады.
«Біздің мұның бәріне уақытымыз жоқ. Сондықтан тез арада шешім қабылдап, соғысты аяқтауымыз керек», – деді ол қарсы тараптың қақтығыстың «тарихи тамыры» туралы пікірталасқа әуестігін сынап.
Фото: Әлеуметтік желіден

