Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жазда кезектен тыс Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеп, сондай-ақ 15 наурызды Конституция күні деп белгілеу туралы шешімді жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталып, оны бүкіл ел болып атқару керектігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңадан жасақталатын парламентте жастардың үлесі басым болуы тиіс.
«Сайлауды бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, президент елімізде жаңа мерекелік күннің бекітілгенін хабарлады. Бұдан былай 15 наурыз – Конституция күні ретінде аталып өтеді. Тоқаев Қазақстанның Ата заңын әлемдегі ең үздік конституциялардың бірі деп бағалады.
«Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», – деді Мемлекет басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден

