Тоқаев Трамптың атынан арнайы награда тағайындауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің отырысына қатысып, Қазақстанның Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға және аймақты қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру бойынша бірнеше нақты бағытта көмек көрсете алатынын атап өтті.

– Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Таяу Шығыста тұрақтылық орнату үшін жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтіп, Қазақстанның маңызды шешімін жариялады.

– Осы ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент Дональд Трамптың бейбітшілікті ілгерілетудегі еңбегін ерекше атап өтіп, оның атынан арнайы награда бекіту туралы бастама көтерді.

– Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесіне қатысушыларға ризашылығын білдірді. Ол Қазақстанды «керемет әрі бай ел» деп сипаттап, жиынға келген мемлекеттер басшыларын бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.

Іс-шара барысында Газа секторын қалпына келтіру, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды. Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет берді. Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга қаржы механизмдерінің ашықтығына тоқталса, Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс қауіпсіздік шаралары жөнінде айтты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛІК ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы жылу электр орталығында болды.…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…