Қазақстан Парламентінің Сенаты жоғары білім саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын (ЮНЕСКО-ның Токио конвенциясы) ратификациялады. Бұл шешім еліміз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Жанна Әсіпованың айтуынша, бұл құжаттың практикалық маңызы зор.
«Бұл құжат қазақстандық дипломдардың әлемдегі ең бәсекеге қабілетті білім беру аймақтарының бірі – Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде мойындалуын едәуір жеңілдетеді. Демек, шетелдік университеттер мен жұмыс берушілер тарапынан қазақстандық біліктілікке деген сенім артып, дипломдарымызды тану процедуралары ашық бола түседі», – дейді сарапшы.
Қазақстан – Орталық Азиядағы дипломдары Азия-Тынық мұхиты аймағында институционалды түрде танылған алғашқы ел. Айта кету керек, әлемдік студенттер алмасуының 50%-дан астамы осы өңірдің үлесіне тиеді.
Сонымен қатар, конвенцияны ратификациялау еліміздің шетелдік студенттер үшін тартымдылығын да арттырады. 2025 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 88 елден келген 31 500 шетелдік студент білім алған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі дамып келеді. Ондағы білім беру бағдарламаларының 85%-ы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, инженерия, жаратылыстану және техникалық ғылымдар сияқты жоғары технологиялық бағыттарға арналған. Алдағы 2025–2026 оқу жылында Астана, Шымкент, Алматы, Түркістан, Қостанай сияқты қалаларда кемінде тағы 7 қосымша филиал ашу жоспарланған.
«Халықаралық интеграция саясаты ішкі басымдықтармен ұштасып жатқаны қуантады. V Ұлттық құрылтайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім мен цифрлық академиялық ортада қазақ тілінің қолданысын кеңейту міндетін қойды. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – Coursera сияқты халықаралық білім беру платформаларындағы курстарды қазақ тіліне аудару. Осылайша, Қазақстан бір мезгілде өз дипломдарының халықаралық деңгейдегі бағасын көтеріп, жаһандық білім нарығындағы позициясын күшейтеді және ұлттық тіл мен мәдени бірегейлікті сақтауға назар аударады», – деп түйіндеді Жанна Әсіпова.

