«Таза Қазақстан»: Үкімет экология саласындағы ұлттық бастаманың орындалуын қатаң бақылауға алды

Сурет: Ақорда

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың аралық нәтижелері мен алдағы жоспарларын талқылаған кеңес өткізді. Жиында орталық мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары баяндалып, экологиялық саясатты күшейту бағыттары қаралды.

 

Кеңес барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағында жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау шаралары, ағаш отырғызу жұмыстары, заңсыз қоқыс орындарын жою және ҚТҚ инфрақұрылымын дамыту бойынша есеп берді. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті күшейтудің маңызын атап өтті.

 

Үкімет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек сенбіліктер мен абаттандыру шараларымен шектелмейтінін айтты.

Оның сөзінше, бастама бүкіл қоғамды табиғатты қорғау құндылықтарына жұмылдырып, азаматтардың күнделікті өмір салтын өзгертуге бағытталған тұрақты экологиялық саясатты қалыптастыруды көздейді.

Олжас Бектенов:

«Президенттің бастамасы кең ауқымды жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың сапасын жақсарту, ресурстарды тиімді пайдалану – біз үшін стратегиялық міндет. Бұл бір реттік акция емес, жаңа экологиялық мәдениетті орнықтыратын жүйелі жұмыс», – деді.

Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде 1 250-ден астам экологиялық іс-шара өтті. Республика көлемінде 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 1 млн гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылды. Жиналған қалдық көлемі 800 мың тоннаға жуықтады. Коммуналдық қызметтердің жұмысы ескерілгенде, елді мекендерде отырғызылған ағаштар саны 3,8 млн-ға жетті. Жалпы, соңғы жылдары 18 млн-нан астам көшет егілді, бұл Президенттің 2025 жылға дейін 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасынан да асып түсті.

Заңсыз қоқыс алаңдарын анықтау және жою барысы да жеделдетілген. Құқық қорғау органдарымен бірлескен 1300-ден астам мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде 3833 рұқсатсыз полигон тіркелген, олардың 80 пайызы жойылды. Заң бұзушылықтарға байланысты 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы 12,4 млн теңге айыппұл салынды.

Халықпен кері байланыс құралдарының тиімділігі де артқан. Жыл басынан бері @TazaQazBot арнасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім келіп түсіп, олардың 23 мыңы орындалды. Ең көп шағым аумақтарды тазарту, тұрмыстық қалдықтарды шығару, абаттандыру және жол жөндеу мәселелеріне қатысты болған.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласы да жаңартылып келеді. Өңірлерге қажетті инфрақұрылымды құру мақсатында биыл 8 жаңа полигон іске қосылды. ҚТҚ жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бағыттарындағы жалпы құны 89,4 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылуда, тағы 40 жоба әзірлік кезеңінде. Кешенді жоспарға сәйкес елімізде 100 жаңа ҚТҚ полигоны салынуы тиіс.

Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрмыстық қалдықтарды өртеу зауыттарын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жалпы құны 293 млрд теңгелік инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Бұдан бөлек, кәдеге жарату алымынан бөлінетін қаражат есебінен қауіпті қалдықтарды басқару және жою жүйесін жетілдіру жоспарланған.

Ұқсас жазбалар

Сегодня в Казахстане отмечают День армейской авиации

Фото:gov.kz Сегодня, 29 декабря 2025 года, в Казахстане празднуется День армейской авиации. Профессиональный праздник ведёт…

Бүгін Қазақстанда Әскери авиация күні аталып өтуде

Сурет:gov.kz Бүгін, 29 желтоқсан 2025 жыл, Қазақстанда Әскери авиация күні мерекеленіп жатыр. Кәсіби мереке 1992…

БҚО-да спорт саласының үздіктері анықталды

Сурет:БҚО Әкімдігі Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Жалын – 2025» атауымен үздік…