Венесуэладағы саяси бетбұрыс жаһандық мұнай нарығына тікелей әсер ете бастады. АҚШ бұл елдің мұнай саласын бақылауына алып, оны стратегиялық резерв ретінде пайдалануға көшті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club құрылтайшыларының бірі, экономист Бауржан Шурмановтың айтуынша, бұл жағдай әлемдік мұнай жүйесінде жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Венесуэлада әлемдегі ең ауқымды дәлелденген мұнай қоры бар — 303 млрд баррель. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Сауд Арабиясынан әлдеқайда жоғары.
«Венесуэла – жай ғана өндіруші емес, ірі көлемдегі мұнай қоры бар жаһандық актив. Алайда соңғы жылдары өндіріс көлемі 800 мың баррельден аспады. 2000-жылдардың басында бұл көрсеткіш 3 млн-ға дейін жеткен болатын», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, қысқа мерзімде мұнай бағасына геосаяси қысым әсер етпек. Әскери іс-қимыл, билік өзгерісі және Ресей, Қытай мен Иранның реакциясы нарықтағы тұрақсыздықты арттырып отыр.
«Алдағы айларда баға құбылуы жалғаса береді. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Нақты қауіп — АҚШ-тың Венесуэла мұнайын кезең-кезеңімен қайта экспортқа шығарып, бағаға ұзақ мерзімді қысым жасауы», – дейді Шурманов.
Орта мерзімде егер халықаралық компаниялар Венесуэлада мұнай өндірісін қайта жандандырса, нарық болжанған ұсыныс өсіміне байланысты баға төмендейді. Тіпті тәулігіне 500-1 000 мың баррельге ұлғаюдың өзі ОПЕК елдерінің кейбірімен тең келеді.
Ұзақ мерзімдік болжамға келсек, Венесуэла өндірісті 2.5–3.5 млн баррельге дейін арттыруы мүмкін. Бұл — Ресейден келетін жеткізілімдерді алмастыруға ұмтылған Еуропа үшін тиімді шешім. Логистика мен саясат тұрғысынан анағұрлым ыңғайлы бағыт пайда болмақ.
Казахстан үшін бұл өзгерістердің әсері екіұшты. Қысқа мерзімде бағаның құбылуы табыс әкелгенімен, басты қауіп — нарықтағы салмағымыздың төмендеуі.
«Қазір қазақстандық мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр желісі арқылы экспортталады. Алайда бұл бағытта туатын кез келген техникалық мәселе жеткізу көлемін күрт азайтады. Мәселен, 2025 жылдың аяғына қарай CPC Blend экспорт көлемі 1.7 млн баррельден 1.1–1.2 млн-ға дейін қысқаруы мүмкін», – деп түсіндірді экономист.
Әлем Венесуэла арқылы артық ұсыныс қорын қалыптастырса, Қазақстандағы кідірістер жаһандық проблема емес, тек аймақтық қиындық ретінде қабылданады. Бұл ретте басты сұрақ: Қазақстан мұнайын тұрақты әрі тиімді жолмен кімге және қалай жеткізе алады?

