Categories Жайық news

Сарапшы: Әлемнің болашағы Ормуз бұғазында шешіліп жатыр

Ормуз бұғазындағы жағдай жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуына себеп болуы мүмкін, мұнда Қытай АҚШ-тың теңіздегі 80 жылдық үстемдігіне балама ұсынып отыр. Саясаттанушы Дулат Бақшиев осылай деп санайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Иранның соңғы күндері бұғаздан тек Қытайдың екі танкерін ғана өткізуі – үлкен геосаяси ойынның бір бөлігі. Тегеран мұнай экспортының 90%-ын Бейжіңге бағыттайды. Егер Қытай екіжақты келісім арқылы дағдарыстан сәтті шықса, ол халықаралық саясатта АҚШ-қа балама қауіпсіздік кепілдігін ұсына алатын жаңа күшке айналады. Бақшиев мұны «Ормуз формуласы» деп атайды.

Осы уақытқа дейін әлемдік теңіз жолдарын АҚШ-тың әскери-теңіз флоты бақылап келген. Вашингтон 80 жыл бойы мұны «ғаламдық тәртіп» деп түсіндірді. Алайда сарапшы бұл тәртіптің бұзылғанын айтады.

«Биби Нетаньяхуды Израиль сотынан құтқарам деп АҚШ президенті Дональд Трамп «заң мен ереженің» бәрін ұмытты, яғни бұзды. Енді Қытай тарихта бірінші рет өзінің күшіне негізделген қауіпсіздік формуласын басқа елдерге ұсына алатын болады. АҚШ-қа балама болып», – дейді саясаттанушы.

Ормуз бұғазындағы тұрақсыздық мұнай мен газ нарығына тікелей әсер етіп, әлем экономикасына салмақ түсіруде. Бұл жағдай Оңтүстік Корея сияқты елдерде қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіре бастады. Сондықтан көптеген мемлекет АҚШ-тың теңіздегі гегемониясына балама іздеуге мәжбүр.

Сарапшы Израильдің қазіргі әскери қауқарына да күмән келтіреді. Оның сөзінше, «Хамасқа» толық ие бола алмаған Израильге Иранмен соғысу тиімсіз, ал «Хезболла» қазірдің өзінде елдің солтүстігін атқылап жатыр. АҚШ-тың ішінде де «Биби Нетаньяху үшін соғысып жатырмыз» деген наразылық күшейген.

Дулат Бақшиев бұл жағдайдың Орталық Азияға да әсері барын ескертеді.

«Бейжің ұтып, Вашингтонның ұтылғаны бізге де керек емес. Бізге теңгерім қажет. Орта Азияның мүддесі осы», – деп қорытындылайды ол.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…