Categories Жайық news

Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды: ЖІӨ көлемі 320 млрд долларға жетті

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 320 миллиард долларға жетіп, ел әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енді. Бұл жетістікке құрылымдық реформалар, өнеркәсіпті әртараптандыру және инвестиция тарту арқылы қол жеткізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Financial Times басылымы World Impact Media Organization халықаралық платформасына сілтеме жасап, Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретінде өз позициясын нығайтып жатқанын жазды.

«Соңғы мәліметтер бойынша, ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Қазақстанға ТМД-дағы серіктестерінің көпшілігінен, соның ішінде Ресейден озуға мүмкіндік берді және шамамен 3% деңгейіндегі әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір асып түсті», – делінген зерттеуде.

Экономикалық даму негізгі салаларды толық қамтыған. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 7,4%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 6,4%-ға артты. Ең жоғары қарқын тамақ өнеркәсібінде (8,1%), химия секторында (9,8%), мұнай өңдеуде (5,9%) және машина жасауда (12,9%) тіркелді. Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір рөлінің артуына байланысты көлік саласы 20,4% өсім көрсетті. Ал ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асуы есебінен құрылыс саласы 15,9%-ға, сауда 8,9%-ға ұлғайды.

«Қазіргі экономикалық цикл – онжылдық трансформацияның заңды нәтижесі. Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 2014 жылғы 10,2%-дан 2024 жылы 12,4%-ға дейін өссе, тау-кен өндіру секторының үлесі 15,2%-дан 12%-ға дейін қысқарды. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен 50%-ға артып, жылдық орташа өсім 4%-дан асты», – деп атап өтті World Impact Media Organization.

Өзгерістер әсіресе машина жасау саласында айқын көрінеді. Жеңіл автомобильдер өндірісі төрт есеге артып, соңғы жылы 159 мың данаға жетті. Жүк көліктері, тракторлар мен астық жинайтын комбайндарды шығару бірнеше есеге өсті. Қосымша құны жоғары өнім экспорты 2014 жылғы 18,4 млрд доллардан 2024 жылы 28,8 млрд долларға дейін ұлғайды.

«Соңғы жылдары бұл процесс айтарлықтай жеделдеді және ел ішінде көбіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «инвестициялық циклі» деп сипатталады. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанда халықаралық брендтердің жаңа автомобильдері, жолаушылар теміржол вагондары, автокомпоненттер өндірісі іске қосылды, сондай-ақ John Deere техникасын оқшаулау жобасы басталды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ірі компаниялар сирек кездесетін металдар мен цифрлық технологияларды дамытуға инвестиция салып жатыр. Мәселен, Eurasian Resources Group жобалары Қазақстанға әлемде галлий өндіретін екінші ірі ел атануға мүмкіндік береді. Ал жасанды интеллект технологиялары өндіріске, энергетикаға, логистикаға және өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелеріне белсенді енгізілуде.

«Экономика ауқымы жағынан Қазақстан аймақтағы сөзсіз көшбасшы болып қала береді. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, елдің ЖІӨ көлемі 319 млрд долларға жетіп, әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына кірді. Салыстыру үшін, Өзбекстанның ЖІӨ-сі 159 млрд доллар, ал Әзербайжанның ЖІӨ-сі шамамен 80 млрд доллар деп бағаланады», – деп хабарлайды World Impact Media Organization.

Фото: Depositphotos

Ұқсас жазбалар

Құлсарыдағы мектепте жан түршігерлік оқиға: оқушы қолына балта ұстап, басқа баланы қуған

Құлсары қаласындағы мектепте 10-сынып оқушысы қолына балта ұстап, басқа оқушыны қуған. Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік…

Person handling Kazakhstani tenge banknotes from a wallet, close-up view.

Зейнетақы жинағы: Отбасы банк ипотека жабуға қатысты жаңа шектеу қойды

Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша алу бәсеңдеді. Отбасы банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге қатысты ережені күрт…

«Жас Головкин» атанған қазақ боксшысы чемпиондық жекпе-жек алдында қарсыласымен көз арбасты

"Жас Головкин" лақап атымен танылған қазақстандық боксшы Виктор Темиров Германияда әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек…