Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Президент бұл мейрамның рухани тазару мен жақсылықтың символы екенін атап өтіп, оның ел дамуындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келгеніне назар аударды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айттың бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше мереке екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл күндері парасаттылық, сабырлық, өзара сыйластық пен жанашырлық сияқты асыл құндылықтар дәріптеледі.
«Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді», – делінген Президент құттықтауында.
«Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қазақстан халқының конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашқанын, жарқын болашаққа бағыт алғанын тілге тиек етті.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандастарға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден

