Categories Саясат

Кабулдағы келіссөздер: қауіпсіздік, инвестиция және өнеркәсіп мәселелері талқыланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға ресми сапары барысында Ауғанстанның ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ауғанстанның ішкі істер министрі Қазақстан мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауған халқына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты. Ол аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін өзара сенім, құрмет және сындарлы іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Серік Жұманғарин өз кезегінде Ауғанстанды Қазақстанның Орталық және Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі деп атады. Қазір екі елдің тиісті ведомстволары есірткі бизнесі мен экстремизм сияқты трансұлттық қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамытуды пысықтап жатыр. Қазақстандық тарап тікелей байланыс орнату үшін ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екенін білдірді. Вице-премьердің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сауда-экономикалық байланысты кеңейтудің, инвестиция тарту мен бірлескен жобаларды іске асырудың негізгі факторларының бірі.

Тараптар кинологиялық қызмет мамандарын даярлау саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Серік Жұманғарин ауған тарапы бұрын екі елдің есірткіге қарсы бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу туралы бастама көтергенін еске салды. Осыған орай Қазақстан ІІМ Алматыдағы Кинологиялық орталығының базасында ауған кинологтарын оқытуды ұйымдастыруға дайын. Биыл Қазақстан бес маман даярласа, келесі жылы ауған тарапына бес қызметтік ит беруді ұсынып отыр.

Кездесуде Ауғанстан Ішкі істер министрлігіне қарасты Мазари-Шарифтегі азот өндіру зауытын жаңғыртуға қазақстандық мамандардың қатысуы талқыланды. Қазақстандық инженерлер кәсіпорынға барып, келесі кезеңде нысанға техникалық тексеру жүргізіледі. Жабдықты жаңғырту қажеттілігі анықталып, жұмыс құны бағаланады. Қазақстандық кәсіпорындар өндірісті технологиялық жаңарту, инжиниринг, жабдық жеткізу мен іске қосу, жөндеу жұмысын сүйемелдеу саласында қажетті құзыретке ие. Осыған байланысты тараптар жобаны қаржыландыру, міндеттемені орындау кепілдігі, сондай-ақ логистика мен мамандардың өндірістік алаңға қол жеткізу мәселелерін талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растап, қауіпсіздік кепілдігі, сенімді логистикалық қатынас, құқық қорғау органдарымен жедел өзара іс-қимыл ұзақмерзімді экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай екенін атап өтті.

Ұқсас жазбалар

Әсел Жанәбілова жаңа Конституция бойынша сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндірді

Әсел Жанәбілова жаңа Конституция бойынша сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндірді. Ол Құрылтай депутаттарының сайлауы, сайлау жарнасы,…

7 тамыздан бастап қазақстандықтар сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауына дайындық барысында сайлаушылар тізімдерімен жұмыс тәртібін бекітті. 7 тамыздан…

ОСК Құрылтай депутаттарын сайлаудың Күнтізбелік жоспарын бекітті

ОСК 2026 жылғы 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекітіп, науқанның ресми басталғанын хабарлады.