Павлодардағы мектептердің бірінде мемлекеттік туды шелекке салып өртеп, елтаңбаны балғамен сындырған видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қалалық білім бөлімі бұл әрекеттің вандализм емес, жарамсыз рәміздерді жоюдың заңды рәсімі екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 5 ақпанда М. Жүсіп атындағы мектепте болған. Арнайы комиссия белгіленген стандарттарға сай келмейтін, тозығы жеткен ту мен елтаңбаны жою жұмыстарын жүргізген.
Рәміздерді жою бекітілген регламентке сәйкес өткен. Ереже бойынша, жарамсыз ту өртенеді, ал елтаңба балғамен бөлшектеліп, таңбалары өшіріледі. Барлық іс-әрекет арнайы хаттамаға түсірілген.
Қоғамда резонанс тудырған видео тек ішкі есеп үшін түсірілген және желіге тарап кетпеуі тиіс еді. Алайда тиісті бақылаудың болмауынан жазба көпшілікке жария болып кеткен.
Нәтижесінде осы оқиғаға байланысты, яғни қызметтік видеоның таралуына жол бергені үшін мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды.
Фото: Әлеуметтік желіден

