Шыңғырлау ауданында “AMANAT” партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы шеңберінде және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгін жаңартылған нысан ресми түрде пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Теміржан Каюпов, “AMANAT” партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысы орынбасары Алтынай Семгалиева, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев, сала ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.
1970 жылы салынған аурухана ғимаратына соңғы рет 2008 жылы жөндеу жүргізілген болатын. Сол себепті биылғы жаңғырту жұмыстары жергілікті халық үшін маңызды әрі көптен күткен оқиға болды.
Мекеме басшысы Қылыш Жазықбаевтың айтуынша, күрделі жөндеу барысында аурухананың ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылып, бірқатар бөлім заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жаңа емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара аясында аурухана ауласында әлеуметтік нысандарға жасыл желек отырғызу дәстүрі бойынша жаңа ағаштар егілді.
Жаңғыртылған аурухана ауданның медициналық әлеуетін күшейтіп, тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады.
Сурет: БҚО әкімдігі

