«Байтақ» жасылдар партиясы Конституцияның жаңа жобасын талқылап, оған экология мен адам денсаулығын мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде бекітетін арнайы тармақ қосуды ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Астанада партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың жетекшілігімен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға партияның аймақтық филиалдарының басшылары, мәслихат депутаттары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысып, Ата заңның жаңа жобасын талқылады. Басқосуда мемлекеттің институционалдық дамуы, адам құқықтарының басымдығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан конституциялық реформаның маңызына тоқталды. Ол бұл өзгерістер билік органдарының жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін нығайтатынын жеткізді.
«Таза ауа, таза су және қауіпсіз қоршаған орта – азаматтардың өмір сапасын айқындайтын негізгі фактор. Бұл – мемлекеттің болашақ ұрпақ алдындағы тікелей жауапкершілігі. Сондықтан біз Конституцияның 8-бабында «Экология және адам денсаулығы» ұғымын мемлекеттің базалық құндылығы ретінде жеке тармақпен бекітуді ұсынамыз», – деді партия төрағасы.
Отырыста сөз алған басқа да сарапшылар жаңа Конституцияның маңызын атап өтті. Атқарушы хатшы Бекберген Керей экология қоғамдық дамудың құндылық негізіне айналуы керектігін айтса, Алматы қалалық филиалының төрағасы Алма Қарашқызы жаңа жобада адам құқығы ең жоғары құндылық ретінде бекітілгеніне назар аударды.
Жас тарихшы Шыңғыс Үсенқұл өз кезегінде жаңа құжатта «Ұлы Дала» ұғымының енгізілуіне оң баға берді.
«Конституцияда Ұлы Даланың мыңжылдық мемлекеттілік дәстүріне сілтеме жасалуы өте маңызды. Бұл – Еуразия кеңістігінде қалыптасқан құқықтық жүйе мен саяси мәдениеттің тарихи сабақтастығын білдіреді», – деді ол.
Жиын соңында партия мүшелері Конституцияның жаңа жобасын толық қолдайтындарын мәлімдеп, оны қоғамдық талқылауға белсенді қатысып, өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыратындарын жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден

