Ауқатты қазақстандықтар банк депозиттеріне балама іздеп, капиталының 45%-ға жуығын басқа активтерге салып жатыр. Соңғы жылдың өзінде банктерден тыс салынған қаражат үлесі 30%-дан 45%-ға дейін өскен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде банк жүйесінен тыс шамамен 10–12 трлн теңге жеке капитал шоғырланған. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Сайда Тілеуленова қазақстандықтардың қандай инвестиция құралдарын таңдайтынын және оның себептерін түсіндірді.
«2025–2026 жылдары теңгедегі депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме 13–15% шамасында. Бұл өте жоғары кірістілік сияқты көрінгенімен, жылдық 8-9% деңгейіндегі инфляцияны ескерсек, нақты табыс 4–6%-ға дейін төмендейді», – дейді сарапшы.
Осыған байланысты инвесторлар қаражатын әртараптандыруға көшкен. Қаржы кеңесшілерінің мәліметінше, ауқатты қазақстандықтардың капитал құрылымы қазір мынадай:
- Облигациялар (30–40%)
- Жылжымайтын мүлік (25–35%)
- Акциялар мен ETF (25–35%)
- Баламалы инвестициялар (10–15%)
Мемлекеттік және квазимемлекеттік облигациялардың кірістілігі теңгемен жылдық 12–14%-ды, ал корпоративтік облигациялар 14–18%-ды құрайды. Бұл оларды тәуекел деңгейі ұқсас болса да, депозиттерден әлдеқайда тартымды етеді.
Сонымен қатар қор нарығына – ірі компаниялардың акциялары мен ETF қорларына (акциялар немесе облигациялар жиынтығын біріктіретін биржалық қор) деген қызығушылық артып келеді. Мұндай инвестициялардың орташа дивидендтік кірістілігі, акция құнының өсімін есепке алмағанда, валютамен 6–9%-ды құрайды. Ал акция құнының өсімін қосқанда, әлеуетті кірістілік жылына 10–12%-ға жетуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлік капитал құрылымында маңызды орын алады, бірақ оған деген көзқарас өзгерді. Енді бұл тез ақша табудың жолы емес, капиталды сақтау құралына айналды. Бүгінде Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үйді жалға беруден түсетін кіріс жылына орта есеппен 5–7% болса, коммерциялық нысандар 8–10% пайда әкеледі. Алайда нысандар құнының өсімі айтарлықтай баяулады.
«Жеке бизнеске, инфрақұрылымдық жобаларға, сондай-ақ венчурлық мәмілелерге (стартаптарға) қаржы салу сияқты баламалы инвестицияларға да сұраныс бар. Бұл саладағы кірістілік 15–40% аралығында болуы мүмкін, бірақ тәуекелдері өте жоғары болғандықтан, бұл инвестиция түрі барлығына бірдей келе бермейді», – деп атап өтті Сайда Тілеуленова.
Қаржыгердің айтуынша, қазіргі инвестордың басты ерекшелігі – сауатты диверсификацияға ұмтылу. Олар үшін басты мақсат – кез келген жолмен ақша табу емес, ұзақ мерзімде капиталды сақтап, еселеу.
Фото: Әлеуметтік желіден

