Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қарашығанақ жобасын дамыту және мұнай-газ саласындағы сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру бастамаларын ілгерілету аясында Орал қаласында ұйымдастырылған «КПО стратегиялық мақсаттарын іске асыру» өңірлік инвестициялық форумына қатысты.
Вице-министр өз сөзінде ірі мұнай-газ жобаларында ел ішіндегі құндылықты дамыту жүйесін тиімді қалыптастыру бойынша Энергетика министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстарды атап өтті.
Отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілерді қолдаудағы маңызды қадамдардың бірі — Қарашығанақ жобасы бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі жергілікті қамтуды дамытудың бес жылдық бағдарламасының бекітілуі болды. Бағдарламада жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталған нысаналы индикаторлар, сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, «инвестицияға айырбас келісімшарттары» және өндірісті жергіліктендіру сияқты отандық өндірушілерді қолдау құралдарын енгізу қарастырылған.
Сонымен қатар, КПО тендерлеріне қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейту мақсатында Тендерлік рәсімдерге өзгерістер енгізіліп, нақты көрсеткіштерді бекіту мен отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілердің қолжетімділігін жеңілдетуге баса назар аударылды.
Сондай-ақ, бұған дейін КПО мен отандық тауар, жұмыс жеткізушілері арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарды нақты келісімшарттарға айналдыру, өндірісті жергіліктендіру мәселелерін белсенді пысықтау, жергілікті инжинирингтік компанияларды басым пайдалану және азық-түлік өнімдерін жергілікті өндірушілерден толық көлемде сатып алуды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сөзінің соңында вице-министр Қарашығанақ жобасы аясында жергілікті қамтуды одан әрі дамыту, яғни тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру, жаңа өндірістер ашу немесе қолданыстағыларын жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мұнай-газ саласы үшін аса қажет өнімдерді жергіліктендіру қажеттігін атап өтті.