БҚО әкімі Тасқала ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Тасқала ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, Амангелді ауылында тұрғындармен кездесті.
Мұнда аудан басшысы Талғат Шакиров ел алдында есеп беріп, әлеуметтік-экономикалық ахуалды баяндады. Биыл Тасқала ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 млрд теңге болса, соның 1,9 млрд теңгесі жеке инвесторлар есебінен қалыптасты. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 есе артық. Аймақ басшысы аталған жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыруды тапсырды.
Кездесуде аймақ басшысы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар, негізгі салалардағы даму қарқыны және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті. Әсіресе «Қаладан ауылға» жобасының маңызына ерекше тоқталды.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдардағы кадр тапшылығын азайтып, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бағдарлама мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктерін қамтитыны – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік.
2024–2026 жылдарға арналған бағдарлама аясында облыс бойынша 96 ауыл іріктеліп, 2024 жылдың өзінде 104 отбасы немесе 519 адам ауылдарға қоныстандырылды.
– Жоба аясында қоныстанушылар жеке баспанамен қамтылады. Балалар мектеп және балабақшаға орналастырылып, ал ересектерге жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Қоныс аударған азаматтарға жергілікті тұрғындар мал шаруашылығын бастауға қол ұшын созуда. Бұл – жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, жаңа тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасына да қатыса алады. Біздің мақсатымыз — ауылға көңіл бөлу, елді-мекендерді дамыту, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Кездесу барысында тұрғындар жол жөндеу, ауыз су, ауыл инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңарту және ауыл шаруашылығын қолдау мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы әрбір сауалға нақты жауап беріп, тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды

Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған екі әйел ұсталды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында…

СІМ басшысы Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпарат расталмады

СІМ басшысы Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпарат расталмады,-деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz. Әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат…

Батыс басылымдары: Ши, Путин мен Ким «жаңа тәртіп» орнатпақ

Әлемдік медианың назары Қытай, Ресей және Солтүстік Корея көшбасшыларына ауып отыр. Үштік кездесуге қатысты халықаралық…