Categories Қоғам

Болашақ Парламенттің қызметтік шеңбері бір жарым еседен астам өседі – Айдос Сарым  

Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Конституциялық реформа аясында ұсынылған түзетулерге қатысты өз ұстанымын білдірді. Бүгін Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Комиссия мүшесі өз ұстанымы мен уәжін жеткізді.

Айдос Сарым жаңа Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты 50, 51 және 53-баптарға ерекше назар аударды.

Сондай-ақ ол барлық ұсыныстар Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленгенін атап өтті.

«Ұсынылып отырғандай, болашақ Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімін қазіргі Мәжіліспен бірдей – бес жыл деңгейінде сақтау ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс толық қолдау табады. Сонымен қатар, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар арнайы Конституциялық заңдарда көзделуі мүмкін», – деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, болашақ Құрылтайдың жұмысына қатысты ең мазмұнды әрі тұжырымдамалық өзгерістер 53-бапта қамтылған. Бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару құрылымы мен жүйесін елеулі түрде өзгертіп, тұрақтандыруға, билік тармақтары арасындағы қажетті тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ өкілді, атқарушы және сот билігі арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған.

«Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясында Парламент палаталарының функцияларын нақты сипаттайтын 53-бап 13 тармақтан тұрған болатын. Ал салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда, 23 тармақ бар екеніне назарларыңызды аударғым келеді. Яғни, өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті Конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асырылатын болады. Аталған өзгерістер түрлі қоғамдық алаңдарда бірнеше рет айтылып, жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды және Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының тарапынан тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тапты. Сондықтан бұл тұжырымдамалық өзгерістерді біз қолдаймыз», – деп мәлімдеді Айдос Сарым.

 

Ұқсас жазбалар

Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамның мықты және әділ мемлекетке деген сұранысын көрсетеді – Гүлзира Атабаева 

Конституцияға дінді мемлекеттен бөлетін және зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін білім берудің зайырлы сипатын бекітетін түзетулер…

Максим Рожин: Халық кеңесі — жалпыұлттық диалогтің жаңа форматы

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин Ата Заңға енгізілетін бірқатар өзгерісті…

Депутат экологиялық құндылықтарды Ата Заңда ұлттық басымдық деп бекітуді ұсынды  

Конституциялық реформа аясында қабылданып жатқан әрбір норма болашақ ұрпақтың еркін де әділетті қоғамда өмір сүруіне…