Categories Саясат

Әсел Жанәбілова жаңа Конституция бойынша сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндірді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңартқан жаңа Конституция күшіне енді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормалары да қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сайлау заңнамасындағы негізгі өзгерістерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова баяндады. Оның айтуынша, жаңа Конституция ережелерін іске асыру және сайлау заңнамасын жетілдіру үшін биылғы жылдың 11 маусымында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді.

Енгізілген өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға және сайлау процесін жетілдіруге бағытталған. Жекелеген түзетулер Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізуге қатысты ережелерді айқындайды. Сонымен бірге сайлау құқығының негізгі қағидаттары мен сайлауды ұйымдастыру тетіктері сақталды.

Құрылтай пропорционалды сайлау жүйесі негізінде бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі — бес жыл.

Әсел Жанәбілова саяси партиялардың сайлауға қатысуына қатысты өзгерістерге де тоқталды. Өтпелі ережелерде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы кезінде сайлау жарнасын төлеу тәртібі көзделген. 2023 жылғы Парламент депутаттарының сайлауында сайлаушылардың бес және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Үштен бес пайызға дейін дауыс жинаған партиялар белгіленген жарна мөлшерінің 50 пайызын, ал бірден үш пайызға дейін дауыс алған партиялар 70 пайызын төлейді.

Сонымен қатар саяси партияларға өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарында сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығы берілді. Ағымдағы сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға, сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін суретке немесе бейнежазба түсіруге және оның бейнесін таратуға тыйым салынады.

ОСК мүшесінің айтуынша, сайлау заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі сақталады: кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіті тек сайлау қорлары арқылы ғана қаржыландырылады. Сонымен қатар саяси партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері ұлғайтылды.

Сондай-ақ үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдарда және вахталық әдіспен жұмыс ұйымдастырылатын орындарда сайлау учаскелерін құру мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұл аталған азаматтардың сайлауға қатысуға арналған конституциялық құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар

Конституциялық Сот бірқатар лауазымды тұлғаларды қайта тағайындауға қатысты норманы қолдану тәртібін түсіндірді

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы…

Рамзан Қадыров Шешенстан басшысы сайлауына амалсыз түсетінін айтты

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров алдағы республика басшысын сайлауға «Единая Россия» партиясынан кандидат ретінде ұсынылғаннан кейін,…

Более 87% казахстанцев поддерживают политический курс страны

Компания DATAmetrics представила результаты социологического исследования, проведенного с 13 июня по 2 июля 2026 года…