Жетісу облысында 4 жасар ұлын азаптаған 28 жастағы анаға қатысты сот үкімі шықты. Сараптама қорытындысы негізінде ол есі дұрыс емес деп танылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Оқиға Жаркент қаласында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, келіншек су шүмегін жаппағаны үшін төрт жасар ұлын жылыту батареясына байлап, ожаумен (шөмішпен) соққыға жыққан. Сот-психиатриялық сараптама оның ақыл-ойында кемістігі барын және қылмыс кезінде өз әрекетін толық түсінбегенін анықтады.
Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын тағайындады.
Қазіргі уақытта анасынан зардап шеккен 4 жасар бала мен оның 2 жастағы бауыры Талдықорғандағы Отбасын қолдау орталығының қамқорлығында.
Фото: Әлеуметтік желіден

