Атырау қаласында қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту мақсатында жаңа автобустар мен бағыттар қосылуда. Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа тасымалдаушы компания заманауи автобустармен алты қосымша бағытты іске қосып отыр.
Жаңа маршруттар – №61, №64, №66, №67, №69 және №70. Ертеңнен бастап №64 пен №67 бағыттары тұрғындарға қызмет көрсетуді бастайды. Ал қалған бағыттар қазан айының ішінде кезең-кезеңімен қосылады.
Бүгінде Атырауда жалпы 32 бағыт бойынша 240 қоғамдық көлік қатынайды. Жаңа автобустардың іске қосылуы қала тұрғындарының күнделікті қатынауын жеңілдетіп, қоғамдық көлікке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, жаңа автобустар кондиционермен, электрондық төлем жүйесімен және GPS-бақылау құралдарымен жабдықталған.