Атырау қаласында ҚР Президентінің «Аумақтық қорғаныс туралы» Заңына сәйкес әскери міндеттілердің онкүндік оқу-жаттығуы басталды. Іс-шараға 100-ге жуық офицер, сержант және сарбаз қатысып жатыр.
Жаттығудың мақсаты – әскери дағдыларды жаңарту, аумақтық қорғаныс міндеттеріне дайындықты арттыру және төтенше жағдайда әрекет ету алгоритмін пысықтау.
Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Құрманәлі Жүнісбеков:
«Бүгін қатысушылар тіркеуден өтіп, кейін әскери бөлімге жіберіледі. Онда онкүндік бағдарлама бөлімше ережесіне сәйкес өтеді», – деді.
Аумақтық әскерлер бейбіт уақытта қысқартылған штатпен жұмыс істейді. Қажет жағдайда олар төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, табиғи және техногендік апаттардың салдарын жоюға жұмылдырылады.