Астанада жедел медициналық жәрдем станциясының төрт қызметкері, соның ішінде директоры да бар, мемлекетке 850 млн теңге көлемінде залал келтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Прокуратураның мәліметінше, станция директоры, екі орта буын басшысы және тағы бір қызметкер 2020-2023 жылдар аралығында автокөлік бөлшектерін заңсыз есептен шығарып, қызмет көрсету туралы жалған келісімшарттар жасасқан.
Осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан жұмысқа шығатын жедел жәрдем көліктерінің саны азайған. Алайда қадағалаушы орган қазіргі таңда «103» қызметінің автопаркі толықтай қалпына келтірілгенін мәлімдеді.
Тергеу қорытындысы бойынша мемлекетке келтірілген жалпы шығын 850 млн теңге деп бағаланды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілерге «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды.
Фото: Әлеуметтік желіден

