Математик Асқар Жұмаділдаевтың қазақ тіліндегі «керек емес сөздер» туралы пікірі қоғамда үлкен дау тудырды. Философ Қанағат Жүкешев академиктің ойын талдап, бұл мәселеде ғалымның емес, отандық филологтардың қатесі барын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Даудың басы академик Асқар Жұмаділдаевтың пікірінен басталған. Ол қазақ тіліндегі бір ұғымның көптеген синонимі болуын ғылым үшін тиімсіз деп санаған.
«Бір ұғымға бірнеше сөздің сәйкес келуін “тілдің байлығы” деп мақтанамыз. Негізінде, ондай байлықтың ғылым үшін пайдасы шамалы», – деген болатын математик.
Философ Қанағат Жүкешевтің айтуынша, лингвистикада «керек емес сөздер» деген ұғым жоқ, оның ғылыми атауы – «бейәдеби лексика». Бұған диалект, архаизм, қарабайыр және тұрпайы сөздер жатады. Жүкешев академиктің осы бейәдеби лексиканы меңзеп отырғанын және оның негізгі ойымен келісетінін жеткізді.
«Академиктің түпкілікті ойы дұрыс. Бейпіл қолданыстың салдарынан тұлғасы бүлінген, мағынасы күңгірт формаларды көбейтіп қоюдың ғылым үшін пайдасы шамалы. Олар тіл үйренуді де қиындатады», – деп жазды философ.
Ол мысал ретінде орыс тілді оқушыға «шаг» сөзін «адым» деп үйретіп, артынша оның «қадам», «қадым» деген баламалары да бар деу тіл үйренушінің жүгін үш есе арттыратынын атап өтті. Жүкешевтің пікірінше, орыс тілінің оңай меңгерілуінің бір себебі – осындай шашыраңқылықтың жоқтығында.
Сонымен қатар сарапшы бұл мәселенің туындауына отандық филологтардың өрескел қателігі себеп болды деп санайды.
«Қазақ филологиясын құдай ұрған тұс – осы. Отандық лингвистер жалпыхалықтық тіл, көркем әдебиет тілі, әдеби нормаланған тіл ұғымдарын ажырата алмады. Салдарынан бүкіл қазақтың аузынан бейәдеби лексиканың лайы төгіліп жүр. Ол тілді ешкім ұқпады, ұқпаған соң меңгере алмады», – дейді Қанағат Жүкешев.
Философтың түсіндіруінше, ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТІЛ – бұл әдеби және бейәдеби лексиканың бәрін қамтитын толық жиынтық. Ал ӘДЕБИ НОРМАЛАНҒАН ТІЛ – осы жиынтықтың тек ресми салада қолданылатын, стандартқа сай бөлігі.

