Ақтөбедегі құс фабрикаларының бірінде ірі өрт шығып, жұмыртқа сақтауға арналған қойма жанып кетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Алматы ауданына қарасты Жарық тұрғын алабындағы құс фабрикасының аумағында болған. Мұнда жеке тұрған бір қабатты қойманың отқа оранғаны туралы хабарлама түскен.
Өрт кезінде ғимарат ішінде тауық та, жұмыртқа да болмаған. Қоймада тек картон өнімдері сақталғаны анықталды. Жалпы ауданы 600 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын толықтай сөндірілді.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның көршілес қоймаға таралуына жол берілмеді. Сондай-ақ өрт сөндіру барысында ғимараттан екі газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.
Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

