Алматы қаласы футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты кубогының әлемдік туры аясындағы қалалардың біріне айналды. Бағалы жәдігермен бірге қалаға әлем футболының аңызы Марко Матерацци мен FIFA ресми делегациясы келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Басты футбол жүлдесі қатаң күзетпен Республика сарайына жеткізіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шарада FIFA делегациясын Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, сондай-ақ Coca-Cola мен CCI компанияларының бас директорлары Серкан Дилек пен Вели Динчел қарсы алды.
Тарихи сәтке куә болу үшін қала тұрғындары мен қонақтарынан 3500-ден астам адам жиналды. Олар аты аңызға айналған кубокпен естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Салмағы 6,142 келі тартатын, таза алтыннан құйылған бірегей жәдігер бірнеше сағат бойы Республика сарайында тұрды. Дәстүр бойынша бұл бағалы жүлдеге тек әлем чемпиондары мен мемлекет басшылары ғана қол тигізе алады.
«Кока-Кола Қазақстан» ЖШС бас директоры Серкан Дилек бұл тур жанкүйерлерге әлемдік футболмен біртұтас екенін сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Coca-Cola 140 жылдан бері тек сергітетін сусын ғана емес, ол – оптимизмнің, ортақ бақыт пен күш-жігердің символы. Футбол сияқты Coca-Cola да адамдарға шынайы эмоция сыйлап, күнделікті өмір мен ең ерекше сәттерге сиқыр қосады. Футболдан әлем чемпионаты бүкіл әлем жанкүйерлерінің басын қосқанда, Coca-Cola әр сәтті сергітіп, қуат беру үшін қасынан табылады», — деді ол.
Алматы қаласының әкімдігі де бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталды.
«FIFA әлем чемпионатының түпнұсқа кубогы мен футбол аңызын Алматыда қарсы алу – қаламыз үшін үлкен мәртебе. Алматы дәстүрлі түрде Қазақстанның спорттық өмірінің орталығы болып қала береді және планетамыздың басты футбол жүлдесінің келуі қаланың ірі спорттық іс-шаралар өтетін халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін нығайтады. Бұл жай ғана шара емес, бұл – жастарды шабыттандырып, спорттың адамдарды біріктіретінін, мінез қалыптастыратынын және ұлы жетістіктерге жол ашатынын еске салу», — делінген әкімдік хабарламасында.
Қазақстан футбол федерациясы мұндай турдың елдегі футбол мәдениетін дамытуға қосатын үлесі зор екенін айтса, FIFA өкілдері 2026 жылғы әлем біріншілігі қарсаңында әлемнің 75 қаласын қамтитын маршруттың халықаралық маңызын атап өтті. Турды ұйымдастыруға Coca-Cola, FIFA, Қазақстан футбол федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі атсалысты.
Фото: Әлеуметтік желіден

