Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Теңізшевройл», «Қазақмыс» және «Қазмырыш» сияқты ірі компанияларды өз есептерін жариялауға міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Депутаттардың айтуынша, бұл компаниялар акционерлік қоғамдардан (АҚ) өзгеше, жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) түрінде жұмыс істейді. Соның салдарынан олар тек өздерінің меншік иелерінің алдында ғана есеп береді. Осының кесірінен депутаттар мен қоғam жер қойнауының қалай игеріліп жатқанын бағалай алмай отыр.
«Конституция бойынша, оның ішінде жаңартылған нұсқасында да, жер және оның қойнауы халыққа тиесілі екені бекітілген», – деп еске салды фракция мүшелері депутаттық сауалында.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы нақты екі ұсыныс жасады:
Біріншіден, мұнай-газ және тау-кен металлургия секторындағы барлық ірі жер қойнауын пайдаланушыны жария компаниялармен бірдей стандарт бойынша ақпаратты ашуға міндеттеу. Табысы 3 млн АЕК-тен (12,9 млрд теңге) асатын компаниялар ірі болып саналады.
Екіншіден, жаңадан құрылатын өндіруші компанияларды тек акционерлік қоғам (АҚ) нысанында тіркеуді міндеттеу.
Фото: Әлеуметтік желіден

