Ирандағы әскери шиеленіс мұнай бағасын күрт өсіріп, барреліне 100 доллардан асыруы мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанның экспорттық табысын уақытша арттырғанымен, ұзақ мерзімде инфляция мен логистикалық дағдарысқа ұрындыруы ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина Ирандағы жағдайдың Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін талдап берді.
«The Economist басылымы Ирандағы соғыс соңғы жылдардағы ең ірі мұнай дағдарысын тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Бұл болжам нарықтағы реакциядан-ақ расталып жатыр. Reuters агенттігі Иранға жасалған соққылардан кейін мұнай бағасы шамамен 10%-ға өскенін жазды. Егер Ормуз бұғазындағы жеткізілімдегі іркілістер ұзаққа созылса, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы әбден мүмкін», — дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, бұл дағдарыстың мәні тек әскери шиеленісте ғана емес, әлемдегі негізгі энергетикалық тораптардың бірі – Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімнің бұзылу қаупінде жатыр. Әлемдік мұнай мен мұнай өнімдері тұтынуының бестен бір бөлігі, ал теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың төрттен бірінен астамы осы бұғаз арқылы өтеді.
Сондықтан Қазақстан үшін бұл тек мұнайдың қымбаттауы туралы жаңалық емес. Бұл – бір жағынан экспорттық кірісті арттыратын, екінші жағынан инфляциялық, валюталық және логистикалық тәуекелдерді күшейтетін сыртқы фактор.
«Егер Brent бағасы көтерілсе, әдетте экспорттық түсім, салық кірістері және төлем балансының жағдайы жақсарады. Бұл маңызды, себебі Қазақстан экспортының шамамен 50%-ын мұнай мен мұнай өнімдері құрайды. Демек, ел экономикасы мұнай конъюнктурасына әлі де тәуелді. Алайда, Қазақстан мұнай бағасының кез келген өсімінен автоматты түрде пайда көретін елге айналмайды», — деп ескертеді Венера Жаналина.
Кең ауқымды және ұзаққа созылған сценарий инфляция, теңге құбылмалылығы, логистиканың қымбаттауы және жалпы сыртқы белгісіздіктің артуы арқылы кері әсерін тигізеді. Әлемдік экономикада инфляциялық серпін пайда болады, орталық банктер жоғары мөлшерлемелерді ұзағырақ ұстайды, ал тым қымбат мұнай уақыт өте келе сұраныстың өзін жоя бастайды.
Теория бойынша, қымбат мұнай теңгені қолдайды, себебі елге көбірек экспорттық валюталық түсім кіреді. Бірақ әскери дағдарыс кезінде долларға қорғаныш активі ретінде жаһандық сұраныс бір мезгілде артады. Бұл теңгенің реакциясын күрделендіреді: алдымен бағам ауытқиды, содан кейін мұнай факторы басым болса, тұрақталады.
Иран төңірегіндегі қақтығыс тек мұнай мен газдың ғана емес, сонымен қатар фрахт, әскери сақтандыру сыйақылары және жалпы халықаралық логистика құнын арттырады. Бұл Қазақстан үшін импорттық тауарлардың бір бөлігінің, сондай-ақ авиациялық және көлік-логистикалық шығындардың қымбаттау қаупін тудырып, тұтынушылық бағаларға қысым жасайды.

