Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, жалпыхалықтық дауыс беру 2026 жылғы 15 наурызға белгіленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, референдумға бір ғана сауал шығарылады. Ол ел азаматтарына жаңа Ата заңды қабылдау немесе қабылдамау туралы таңдау ұсынады.
«Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»
Жарлықта көрсетілгендей, жаңа Конституцияның жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялануы тиіс. Осыдан кейін қоғамдық талқылау басталуы мүмкін.
Референдумды дайындау және өткізу жауапкершілігі Орталық сайлау комиссиясына (Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқарады) және оның аумақтық, учаскелік бөлімшелеріне жүктелді. Үкімет Орталық сайлау комиссиясымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдумды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұл Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

