Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 2026 жылы төленетін қаражаттың болжамды сомасын жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Кезекті үшінші төлем 2026 жылдың 1 ақпанына дейін жасалады. Нақты сомасы әлі бекітілмегенімен, Сүлейменовтің айтуынша, балалар өткен жылдағыдай шамамен 130 доллар (65 мың теңгеден сәл астам) алады.
2025 жылға арналған бұл төлемді сол жылдың 31 желтоқсанына дейін 18 жасқа толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала алады.
Сондай-ақ Сүлейменов 2025 жылы Ұлттық қорды басқарудан түскен табыс 8,7 млрд доллар болғанын, бұл доллармен есептегенде жылдық 15% кірісті құрағанын атап өтті.
«Бұл екі көрсеткіш те рекордтық деңгейде. Ұлттық қорды басқару тарихында мұндай болған емес. Сондықтан бұл қордан ауқымды трансферттер мен алымдар жасалғанына қарамастан, оның өсуіне мүмкіндік берді», – деді ол брифингте.
Салыстыру үшін: 2024 жылы балаларға 100,52 доллар, ал 2025 жылы 129,38 доллар төленген.

