Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында халыққа арнаған құттықтауында бірнеше маңызды жобалар мен бастамалар жайлы мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында келесі жылы да балалардың есепшоттарына қаражат аударылмақ.
Бұл бастама – балалардың болашағына салынған инвестиция ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік қағидатының көрсеткіші. Сонымен қатар мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше басымдық беруді жалғастырмақ.
Бұл туралы Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, еліміз бойынша қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы жалғасады. Жоба қалалар мен ауылдарды жасылдандыруға, экологияны жақсартуға бағытталған. Бұл бастама 2026 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қолға алынатын нақты істердің бірі болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы бағытынан да хабардар етті. Қазақстанның ұсынысымен 2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Халықаралық еріктілер жылы болып жарияланған. Президент еріктілер қозғалысын адамгершілік құндылықтарды ұлықтайтын бастама ретінде атап өтті.
Жастарға қандай үндеу айтылды?
Мемлекет басшысы жастар мен балаларға арнайы үндеу жолдап, олардың бойындағы күш пен қабілетке сеніп, соны дамытуға шақырды. Ол ұлы Абайдың даналық сөзін мысалға келтіріп, білім мен еңбектің маңызын ерекше атап өтті.
«Жаңа заман – жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Әр адам өзіне сеніп, табанды еңбектенсе ғана табысқа жете алады», – деп нақтылады Президент.
Еңбегімен елге үлес қосқандар ұмыт қалған жоқ
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл түні жұмыста жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Мемлекет мызғымас тұрақтылық пен бірлік арқылы ғана өркендей алатынын айтты.
Президент Жаңа жылдың елге амандық, татулық және жарқын болашақ әкелуін тілей отырып, әр отбасыға бақ-береке, шаңырақтарына шаттық тіледі.

