Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ саласын дамыту барысын тексерді,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Мемлекет басшысының мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді.
Бөрлі ауданында Үкімет басшысы Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орындарының жұмысымен танысты. Сапар барысында өндірістік нысандарды жаңғырту, жүктемені арттыру, кадр даярлау және жергілікті қамтуды көбейту мәселелері талқыланды.
Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінде Премьер-министрге мұнай конденсатын тұрақтандыру және қайта өңдеу технологиялары көрсетілді. Бұл нысан – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналатын Қарашығанақ кенішінің құрамына кіреді. Мұнда 279 млн тонна мұнай мен 785 млрд текше метр газ қоры бар.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» компаниясының бас директоры Марко Марсилидің айтуынша, өткен жылы мұнай өндіру көлемі 12,2 млн тоннаны құрады, ал 2025 жылға жоспар – 12,4 млн тонна. Қарашығанақты кеңейту жобасының алғашқы кезеңі – ПРК-1А іске қосылып, нәтижесінде ішкі нарыққа 7,5 млрд текше метр газ жеткізілген. Бұл – Қазақстандағы жалпы жеткізілімнің 26 пайызына тең.
Олжас Бектенов мұнай-газ саласының ел экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтіп, өндіріс көлемін сақтап тұру мен ұлғайту заманауи технологияларды қолдануға байланысты екенін айтты. Қазір елімізде жыл сайын 85 млн тонна мұнай және 55 млрд текше метр газ өндіріледі.
Үкімет өндірісті арттырумен қатар, мұнай-газ химиясын дамыту мен қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған стратегияны жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, отандық өндірушілерге қолдау көрсету және жергілікті өнім үлесін арттыру қажеттілігі де атап өтілді.

Бәйтерек ауданында Премьер-министр «Жайықмұнай» ЖШС-ның газ өңдеу кешенінде болып, өндірістік қуатымен танысты. Чинарев кен орнында жылына 4,2 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Мұнда теміржол терминалы, газ құбыры және вахталық қалашықтар салынған. Қазіргі уақытта кәсіпорынның жүктемесін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

