Сурет:Ашық дереккөз
Елімізде соңғы жылдары еңбек нарығында бір парадокс қалыптасты.Бос жұмыс орындары жарияланып тұр, бірақ оған әділ жолмен орналасу барған сайын қиындап барады. Әлеуметтік желілерде, форумдарда, тіпті көшеде де «жұмысқа тұру үшін ақша сұрайды» деген шағым көбейді. Бұл – қоғамда қалыптасқан қауіпті әрі заңсыз үрдіс.
Еңбек кодексінде әр азаматтың еңбек ету бостандығы, жұмысқа тең қолжетімділігі бекітілген. Дегенмен, шынайы өмірде кейбір басшылар мен делдалдар бұл құқықты табыс көзіне айналдырып алған. Белгілі бір лауазымға немесе вакансияға қабылдау үшін «сыйақы» сұрайды, кейде оны «ресми төлем», «қамқорлық ақшасы» деп бүркемелейді. Осылайша жемқорлықтың жаңа түрі – «жұмысқа тұру үшін пара» қалыптасты.
Мәселенің салдары ауыр. Біріншіден, қабілетті, білікті мамандар шеттетіліп, «ақша төлегендер» ғана жұмысқа қабылданады. Екіншіден, мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың беделі түседі, қоғамдағы әділдік сезімі жойылады. Үшіншіден, бұл үрдіс еңбек өнімділігі мен қызмет сапасын төмендетеді.
ҚР Қылмыстық кодексінде пара алу да, пара беру де ауыр қылмыс болып саналады (366 және 367-баптар). Заң жүзінде мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бірақ азаматтардың көбі қорқып, арызданбайды, дәлел жинамайды, осылайша қылмыс жасырын қалады. «Жұмысқа тұру үшін ақша бермесем, орын басқаға кетеді» деген үрей адамдарды өз құқықтарын қорғаудан бас тартуға итермелейді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл дерттен құтылудың жолы – толық ашықтық пен қоғамдық бақылау. Жұмысқа қабылдау конкурстары ашық өткізіліп, үміткерлердің нәтижесі жариялануы тиіс. Әрбір мекеме «жұмысқа қабылдау ережесін» сайтында жариялап, шағым қабылдайтын арна құруы қажет. Ал азаматтар өз құқықтарын біліп, заңсыз талаптарға бой бермеуі, дәлел жинап, тиісті органдарға хабарласуы керек.
Жұмысқа орналасу – парақорлықтың емес, біліктіліктің және әділ іріктеудің нәтижесі болуы тиіс. Әйтпесе «жұмысқа тұрудың құны» қоғамның болашағына тым қымбатқа түседі.
Автор: Бердалы Ораз