Түркістан облысында елді есеңгіреткен қанды оқиға орын алды. Қызғаныштың жетегінде кеткен ер адам он төрт жыл отасқан жұбайын аяусыз балғамен ұрып өлтіріп, кейін өзі асылып қалған.
Қайғылы көрініске ең алдымен мектепке жиналып жатқан 13 жастағы қыз куә болды. Анасының қанға бөккен денесін көрген ол шыңғырып жібергенде, көршілер жетіп келген. Таңғы уақытта төрт баланың бір мезетте жетім қалғаны белгілі болды. Қазір балалардың барлығы уақытша балалар үйіне тапсырылды.
Марқұмның ағасы Мырзакерім Мырқадиев болған жайтты көзімен көргенін айтады:
— «Әпкемнің бет-жүзі адам танымастай болып кеткен. Басынан балғамен ұрып, жанын қиды. Әпкем аулада ішкиіммен ғана жатқан. Ал күйеу баламыз дәретханада асулы тұрды», – дейді ол.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы әйелдің денесін жуу кезінде оны танымай қалғандарын жасырмайды:
— «Шаштары түгел жұлынған, қаны қатып қалған. Денесінің сау жері жоқ. Сүйреп жүріп, денесін жұлмалатып тастаған», – дейді әпкесі Мұхаббат Мырқадиева.
Туыстарының сөзінше, жанжал түнгі бірлер шамасында басталған. Ал таңғы алтыда балалар мәйітті көріп, көмекке шақырады. Әкесін іздеп жүріп дәретханадан оның да жансыз денесін тапқан.
Ер адам соңғы сөзін аудиожазба түрінде қалдырған. Онда ол «зина көбейіп кетті, әйелім де опасыздық жасады» дегенін айтқан. Алайда марқұм әйелдің туыстары бұл сөзді ешқандай дәлелсіз қауесет деп отыр.
Түркістан облыстық ПД оқиғаны растады:
«Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам әйеліне дене жарақатын салған. Әйел алған жарақатынан көз жұмды. Кейін күдікті өзін-өзі өлтіріп, қылмыстың себептерін сипаттаған аудиожазба қалдырған», – делінген ресми хабарламада.
Ерлі-зайыптының артында 13 жастағы қыз, 3 пен 10 жас аралығындағы үш ұл қалды. Олардың бірі – мүмкіндігі шектеулі.