Сурет: Egemen Qazaqstan
Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мамандары су жағасында жүргенде қарапайым ережелерді ұстануды ескертеді. Атап айтқанда, балаларды су маңында қараусыз қалдыруға және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеу керек. Бейтаныс немесе шомылуға жарамсыз жерлерде, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» деген белгілер қойылған аймақтарда суға түсуге болмайды.
Сонымен қатар, шомылу аймағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзуге, шағын кемелер мен басқа жүзу құралдарына жақындауға, тексерілмеген жерлерде сүңгуге, жүзуге арналмаған заттармен суда жүзуге тыйым салынады. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, тастардан, қоршаулардан және басқа да арнайы емес құрылыстардан суға секіруге болмайды.
Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Бұл қарапайым қағидаларды ұстану өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.

