Categories Саясат

Бресттегі форумда Беларусьті қорғаған Қазақстан азаматтарын еске алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент Мәжілісінің делегациясы Беларусьтің Брест қаласында Ұлы Отан соғысының басталуына 85 жыл толуына арналған «Ұлы мұра – ортақ болашақ» халықаралық форумына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Форумға Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Мьянма, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Вьетнам, Сербия, Венесуэла, Куба, Қытай, Моңғолия және Лаос елдерінің парламент делегациялары мен дипломатия өкілдері қатысты.

Жалпы отырыста Ерлан Қошанов 22 маусымның тек соғыс басталған азалы күн ғана емес, сонымен бірге тарихты зерделеп, құрбандықпен келер ұрпаққа бейбіт өмір сыйлағандарға алғыс білдіру күні екенін атап өтті. Ол Брест қамалын қорғаған Қазақстан жауынгерлерінің ерлігіне ерекше тоқталды.

Брест қамалын Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жауынгерлер қорғады. Брест гарнизонындағы жеті мың әскери қызметшінің шамамен мыңға жуығы Қазақстаннан келген сарбаз болды. Олардың барлығы дерлік осы жерде қаза тапты. Бүгінде әлем жаңа сын-қатерлерге тап болып отырған кезде біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Былтыр Астанада өткен әскери парадта сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс туралы ақиқатты сақтау маңызды екенін атап өтті, өйткені шындықты білмейінше бейбітшіліктің бағасын түсіну мүмкін емес. Ортақ ерлікті есте сақтау – халықтарымыз арасындағы достықтың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың ең берік іргетасы болып қала береді, – деді Ерлан Қошанов.

Спикер Беларусь жерінде қаза тапқан отандастардың есімін жаңғыртудағы тарихшылардың еңбегін атап, Брест қамалын қорғаған батырлардың есімдерін келтірді. Сондай-ақ ол қазақ партизандарының ерлігіне тоқталды: 65 беларусь партизан бригадасы мен отрядында 1,5 мыңнан астам қазақ шайқасқан. Солардың бірі – аңызға айналған партизан қолбасшы Әди Шәріпов, оның есімі Минскідегі көшеге берілген.

Тарихшылардың зерттеуі бойынша, Беларусьті азат ету шайқастарына 120 мыңнан астам Қазақстан азаматы қатысқан, олардың әрбір бесіншісі осы жерде жерленген. Ерлігі үшін 84 қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алған, оның ішінде Қазбек Нұржанов пен Сүндетқали Есқалиевтің есімдері Беларусьте мәңгі құрметке ие.

Ерлан Қошанов Қазақстанның майданды мұнай өнімдері, жанар-жағармай, көмір, қорғасын, киім-кешек, аяқ киім және азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесін еске салды. Соғыс жылдары еліміз жарты миллионнан астам эвакуацияланған азаматты, соның ішінде Беларусьтің 110 мыңнан астам тұрғынын қабылдаған. Қазақ жеріне 111 балалар үйі көшіріліп, 13 мың бала паналаған.

Сапар барысында делегация Брест қамалындағы еске алу іс-шараларына қатысып, «Қаһарман Брест қамалы» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Естелік аллеясында Қазақстан жауынгерлерін еске алып, тағзым етті. Ерлан Қошанов Брест қамалын қорғау музейіне ұшқыш Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты. Мүсіннің авторы – Бақытбек Мұхамеджанов.

Ұқсас жазбалар

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының филиалы құрылды «Әділет» партиясы өңірлік филиалдар желісін құрып, мемлекеттік тіркеуден…

Биыл елімізде адам саудасына қатысты 72 қылмыс тіркелді

Ішкі істер министрлігінде адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтіп, биыл 72 қылмыс тіркелгені…

Қазақстандық жас математиктер Балқан олимпиадасында әлемнің үздік бестігіне енді

Қазақстандық жас математиктер Румынияда өткен Балқан олимпиадасында 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль…