Categories Спорт

Әлем чемпионатының екінші турында 11 гол соғылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Әлем чемпионатының екінші турындағы матчтар басталды. Топтық кезеңде плей-оффқа жолдама алатын құрамалар осы кезеңде анықтала түспек. Кеше түнде «А» тобындағы командалар өзара күш сынасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«А» тобындағы екінші турдың алғашқы кездесуі Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында өтті. АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Мерседес-Бенц Стэдиум» стадионында өткен ойын тең аяқталды. Матчтың 6-минутында чехиялық жартылай қорғаушы Михал Садилек есеп ашты.

Оңтүстік Африка футболшылары қорғаныста да, шабуылда да белсенділік танытып, еуропалықтарды қысымға алды. 83-минутта Тори Пенсо пенальтиден есепті теңестіріп, командасын жеңілістен сақтап қалды. Қос құрама да әзірге 1 ұпайдан жинап отыр. Бұған дейін Чехия Оңтүстік Кореядан (1:2) ұтылса, ОАР Мексикадан (0:2) жеңілген еді.

«А» тобында Мексика құрамасы қатарынан екінші жеңіске жетіп, 6 ұпаймен көш бастады. Сапопан қаласындағы «Акрон» стадионында өткен кездесуде мексикалықтар Оңтүстік Кореяны минималды есеппен ұтты. Матчтағы жалғыз голды 50-минутта Луис Ромо соқты.

Екінші турдағы ең нәтижелі ойындардың бірі «В» тобында өтті. АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионына 70 мыңнан астам жанкүйер жиналып, тартысты матчты тамашалады. Швейцария құрамасы Босния және Герцеговинаны 4:1 есебімен жеңді.

Есепті 74-минутта Йохан Манзамби ашты. 80-минутта босниялық қорғаушы Тарик Мухаремовичтің алаңнан қуылуы қонақтардың ойынына кері әсер етті. Сан басымдылығын пайдаланған Швейцария шабуылшылары қысымды күшейтті. 84-минутта Рубен Варгас есепті еселесе, 90-минутта Манзамби дубль авторы атанды.

Негізгі уақытқа қосылған минуттарда да ойын қарқыны бәсеңдеген жоқ. Босниялық жартылай қорғаушы Эрмин Махмич есеп айырмасын қысқартқанымен, 90+7-минутта Гранит Джака пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Матчты португалиялық Жоау Педру басқарды.

Бұл топтағы екінші ойында Канада мен Қатар құрамалары кездесті. Ванкувердегі «Би-Си Плэйс» стадионында өткен матчта 6 гол соғылып, екі ойыншы алаңнан қуылды.

Кездесуді канадалық Кайл Ларин 16-минутта ашты. Артынша Джонатан Дэвид 29, 45+3 және 90+2-минуттарда хет-трик жасап, матчтың басты қаһарманына айналды. Натан Дилан-Салиба 64-минутта есепті ұлғайтты. Ал Қатар құрамасының жартылай қорғаушысы Мохаммед Әл Маннай 75-минутта автогол соғып алды.

Қазіргі турнир кестесінде Канада құрамасы 4 ұпаймен көш бастап тұр. Швейцария да 4 ұпай жинаған. Ал Босния және Герцеговина мен Қатар құрамалары 1 ұпайдан еншілеп, 3-4 орындарды бөлісіп отыр.

Ұқсас жазбалар

Бокстан әлем Кубогында екі қола жүлде жеңіп алдық

Қытайдың Гуйян қаласында бокстан әлем Кубогы кезеңінің жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Бұл сында екі…

Виктор Друзин Әлем кубогының суперфиналында қола жүлдегер атанды

Көркем жүзуден Қазақстан құрамасының спортшысы Виктор Друзин Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының суперфиналында…

Футболдан ӘЧ-2026: АҚШ құрамасы Аустралияны 2:0 есебімен жеңді

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының D тобында АҚШ құрамасы Аустралияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф сатысына…