Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада «Әділет» партиясының II Съезі өтті. Күн тәртібінде партияны дамыту, өңірлік филиалдар құру, ұйымдық құрылымды нығайту және саяси күштерді біріктіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Съезд алдында стратегиялық сессия өтіп, делегаттар партияның басым бағыттарын талқылады. Партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстан жаңа даму кезеңіне өткенін атап, саяси күштерден реформаларды қолдау, халықпен жұмыс істеу және азаматтардың сұраныстарына жауап беру талап етілетінін жеткізді.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын толық қолдаймыз және оны мемлекетті нығайтудың стратегиялық бағдары деп санаймыз. Реформалардың табысы мемлекеттік шешімдерге ғана емес, қоғамның өзгерістерге дайындығына және саяси күштердің жауапкершілігіне байланысты», деді Айбек Дәдебай.
Съезде партия филиалдарын барлық өңірде құру туралы шешім қабылданды. Делегаттар филиалдардың жұмыс тәртібін айқындайтын ережені бекітті. Партия Саяси кеңесінің мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов партияның дамуы өңірлердегі жұмыс пен азаматтармен диалогқа байланысты екенін айтты.
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры әрі партия Саяси кеңесінің мүшесі Дмитрий Павленко партиялық желінің дамуы азаматтарға мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Съезде адами капитал, білім беру, технологиялар және азаматтық қоғам мәселелері де талқыланды.
«AMANAT» партиясының «Әділетке» қосылуы мәселесі бойынша Айбек Дәдебай бұл ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім екенін айтты. Делегаттар қосылу туралы шешімді қолдап, ол Съезд қаулысына енгізілді.

