Categories Қаржы

Қазақстан инфляцияны төмендету бағытын сақтап отыр

Сурет: Коллаж: Kazinform / Canva

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, 2026 жылы әлемдік инфляция қайта өсуі мүмкін. Геосаяси күйзелістер аясында баға қысымы көптеген елдер үшін басты сын-қатер болып қала береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта инфляцияның ең жоғары деңгейі Венесуэлада (524%), Аргентинада (33,6%) және Түркияда (32,6%) байқалады. Қазақстанда жылдық инфляция болжамы 9–11%-ға дейін төмендеді, бұған дейін 9,5–11,5% деңгейінде бағаланған еді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оң үрдістің бастамасы. 2027 жылы инфляция 6–8%-ға, ал 2028 жылы 5% мақсатты көрсеткішке жақындауы мүмкін. Экономиканы әртараптандыру және нақты сектордағы оң серпін баға өсімін баяулатуға негіз қалыптастыруда.

2026 жылдың алғашқы бес айында экономика 3,7%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 9%, құрылыс 13,4%, көлік қызметтері 8,4%-ға артты. Негізгі капиталға инвестициялар 7%-ға, жекеменшік инвестициялар 17,4%-ға өсті. Ең жоғары өсім энергетикада (+83,4%), ақпарат және байланыста (75,2%), ауыл шаруашылығында (36,4%), өңдеу өнеркәсібінде (29,2%) және көлікте (25,6%) тіркелді.

Капитал ағыны инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал етеді: теңге бағамын қолдап, импорттық инфляция әсерін азайтады; өндірістік қуаттарды арттырып, ішкі тауар ұсынысын көбейтеді; заманауи технологиялар еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды қысқартады.

Өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы (9% өсім) оның ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін нығайтты. 2025 жылы 1,5 трлн теңгеге 190 жаңа өндірістік жоба іске қосылды. 2026 жылы 1,7 трлн теңгеге 180-ге жуық индустриялық нысанды іске асыру жоспарланған, бұл 19 мың жұмыс орнын ашады. Қазіргі уақытта 165,5 млрд теңгеге 50 жоба пайдалануға беріліп, 3 249 адам жұмыспен қамтылды.

2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,6%-ға өсіп, 1 251,2 млрд теңге болды. Мал шаруашылығында өндіріс 3,5%-ға (1 158,5 млрд теңге), өсімдік шаруашылығында 7,6%-ға (70,6 млрд теңге) артты. Агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі капиталға инвестициялар бірінші тоқсанда 70,6%-ға, азық-түлік өндірісіне 363,4%-ға ұлғайды.

Сүт, ет және астық өндірісінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, бағаның тұрақтануына ықпал етеді. Егіс алқаптарындағы технологиялық серпінге жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жол ашты, оған 2026 жылы 300 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде сатып алынған техникадағы қазақстандық өнімнің үлесі 70%-дан 95%-ға дейін өсті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік шаралар жүзеге асырылуда. Қалаларда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, өнімдер өндірушілерден тікелей жеткізіліп, нарықтық бағадан 15–20%-ға арзан сатылады. Мемлекет сауда үстемелеріне бақылау жүргізіп, алты бағыт бойынша отандық өндірісті дамытуды қолға алған. Өңірлерде делдалдық схемаларды анықтайтын арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Ішкі нарықтың негізгі 23 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз етілу деңгейі 80%-дан 100%-ға дейін жетіп отыр.

Ұқсас жазбалар

Астанадағы құрылыс дауы: күдікті неге бостандықта жүр

Астанадағы «KEN remont» компаниясына сеніп, миллиондаған теңге төлеген азаматтар ақшасын қайтара алмай жүр. Күдікті бостандықта…

Қазақстан Цзянсу өңірімен ынтымақтастықты тереңдетеді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Цзянсу өлкесі Партия комитетінің хатшысы Синь Чансинмен кездесіп, өңіраралық…

Қазақстан Ресейге сыра сатудан екінші орынға шықты

Қазақстан Ресейге сыра жеткізу көлемі бойынша Германияны басып озып, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша…