Сурет: istockphoto.com
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап беріп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша қоғамдық орындарда балағат сөз айту ұсақ бұзақылық саналатынын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған. Бектенов Алматы полициясы тренингте балағат сөз айтқан коучты жауапқа тартқанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта «Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленген. Онда онлайн-платформаларда балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Құжат биыл Парламентке ұсынылады.
Коучтар кәсіби қызметінде этикалық кодекстерді сақтауға және адалдық, теңдік пен кемсітпеу қағидаттарын ұстануға міндетті. Сондай-ақ медиаторлардың Этикалық кодексі әзірленіп жатыр.

