Сурет: Aikyn.kz
Қызылорда облысы Шиелі ауданында су арнасынан табылған 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты туыстары күмәнді жайттардың көп екенін айтып, кінәлілерді анықтап, заң аясында қатаң жазалауды талап етіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмның анасы Гүлжайна Қалдыбаеваның айтуынша, биыл 10-сыныпты аяқтаған қызы үш күн бұрын кешкі уақытта құрбысының қоңырауынан кейін үйден шығып кеткен. Алайда ол сол түні үйге оралмаған.
Туыстары қызды іздеуге бірден кіріскенімен, еш нәтиже болмаған. Келесі күні кешке жасөспірімнің денесі көрші Ыбырай Жақаев ауылындағы су арнасынан табылғаны белгілі болған.
Анасының сөзінше, қыздың денесі табылған кезде үстінде киімі мен аяқ киімі болмаған. Сонымен қатар ұялы телефоны да әлі табылмаған.
– Қыздың үстінде киімі жоқ, аяқ киімі жоқ. Киімдері де, телефоны да табылған жоқ. Сондықтан оның өліміне қатысты сұрақ көп. Барлығы мұқият тексерілуі керек, – дейді марқұмның анасы.
Марқұмның жақындары жасөспірімнің түнгі уақытта ауыл шетіндегі су арнасына жалғыз баруы екіталай екенін алға тартады. Олар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тергеп, кінәлілер анықталған жағдайда заң бойынша қатаң жауапқа тартуды сұрап отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы бойынша тиісті органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде.

