Сурет: Aikyn.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент форумға қатысушыларды құттықтап, арнайы келген меймандарға алғыс білдірді. Ол Астанада өтіп жатқан жиынның маңыздылығын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттердің бірі. Елдің тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім қажет. Бұл келісім өздігінен пайда болмайды, ол көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан Президент бұл мәселеге баса мән береді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеру және арыз-шағымдарға дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Биліктің барлық деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер және депутаттар осы жұмысқа белсенді қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.
Соңғы жылдары Қазақстан ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Президенттің пікірінше, өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру қажет. Барша азаматтарға, әсіресе жастарға заңды құрметтеу мен оған бағынудың маңызын қарапайым тілмен түсіндіру керек.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда осы негізгі қағидат анық жазылған. Бас құжат – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – Ата заңға арқау болған басты құндылық.
Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалған. Әрбір реформа халықтың қалауымен және тікелей қолдауымен жүзеге асады. Дегенмен, мұның бәрі бір сәтте орындалмайды.
Тоқаев 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі туралы айтқанын еске салды. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін маңызды қадам болды. 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.
«е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылып, азаматтардың өтініштерін ашық әрі тиімді қарау тәсілі қалыптасты. Бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтып, жұртшылықтың пікірін ескеруге мүмкіндік берді. Соңғы бес жылда мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініш келіп түскен.
Сот тәжірибесінде де бетбұрыс кезеңі басталды. Бұған дейін азаматтарға мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдану оңай болмаған. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай өзгерді. Күмән тудыратын мәселелердің бәрі азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Соттар дәлелдеме жинауға ерекше мән бере бастады. Статистика бойынша, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Қоғам «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады.
Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің артқанын көрсетті.
Кейбір азаматтар сот шешімдеріне наразылық білдіріп, өз үміттерінің ақталмағанын айтады. Мұндай шағымдар көбіне өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Дегенмен, кез келген жағдайда бұл пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек.
Жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет тиісті ережелерді әзірледі.

