Categories Жайық news

71 курсант ауырып қалды: Щучинсктегі әскери колледжде қызылша өршіді

Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде қызылша індеті өршіп, 71 курсант ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарының бірнеше рет жолдаған сауалынан кейін ғана жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство басшысы Нариман Ермектің айтуынша, екі жасөспірім көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, ал қалғандары Жұқпалы аурулар орталығында ем қабылдап жатыр.

«Қазіргі уақытта 24 пациенттен қызылша зертханалық түрде расталды. Қалғандарына диагноз нақтыланғанға дейін ЖРВИ-ді емдеу стандартына сәйкес терапия жасалуда», — деп хабарлады басқарма.

Індеттің таралуын тоқтату мақсатында колледждің өз госпиталінде карантиндік блок ашылып, ауру жұқтырғандармен байланыста болғандардың барлығы оқшауланды. Оқу орны толығымен эпидемиологиялық режимге көшірілді: оқшаулау, бақылау және шектеу шаралары енгізілді.

Жақында ғана үш курсанттың жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Қазір олардың жағдайы тұрақтанған: екеуі қарқынды терапия палатасына, біреуі жалпы бөлімге ауыстырылды.

Денсаулық сақтау басқармасы барлық науқасқа қажетті көмек көрсетіліп жатқанын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Алайда мамандар індет ошағы толықтай жойылды деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Ресми: Талғат Байсуфинов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне Талғат Байсуфиновті ресми түрде бекітті. Бұл –…

«Сын айтуға болады, бірақ қорлауға болмайды»: Депутат сөз бостандығына қатысты жаңа норманы түсіндірді

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз бостандығына қатысты ұсынылған түзетулер сын айтуға тыйым салмайтынын, оның мақсаты…

Ата заңға ауқымды өзгеріс: Конституцияның 84 пайызы қайта жазылады

Қазақстанның Ата заңына ауқымды өзгерістер енгізілмек. Конституциялық сот өкілінің айтуынша, Негізгі заңның 77 бабы, яғни…