Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомствоның негізгі жұмыс бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Кездесуде министр халықты жұмыспен қамтудың жаңа жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, ендігі басты мақсат – уақытша шаралардан гөрі, тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын құру. Сондай-ақ еңбек ұтқырлығын арттырып, білім беру жүйесі мен нарық сұранысын ұштастыру көзделген. Бұл ретте жұмыс істемейтін және оқымайтын жастарды (NEET санаты) еңбекке тартуға ерекше назар аударылады.
Асқарбек Ертаев атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру жоспары туралы да баяндады. Министрлік цифрлық құралдар арқылы көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз етпек. Еңбекке жарамды азаматтарға жәрдемақы тағайындау әлеуметтік келісімшарт арқылы оларды міндетті түрде жұмысқа орналастырумен қатар жүреді. Сонымен қатар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау мәселесі де талқыланды.
Ведомство басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау шараларына тоқталды. Бұл бағытта арнаулы қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру, оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру және инклюзивті жұмыс орындарын ашу жоспарда бар. Бұдан бөлек, министр 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы ақпарат берді. Негізгі басымдық – ішкі еңбек нарығын қорғай отырып, көші-қон үдерістерін тиімді реттеу.
Президент кездесуді қорытындылай келе, халықты жұмыспен қамтуды жандандыру, азаматтардың табысын арттыру және әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуін қадағалауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы теңгерімді көші-қон саясатын жүргізу, зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру және еңбекті қорғау саласында цифрлық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден

