Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында жол жөндеуге бөлінген ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды. Екі компания басшысы 56,5 миллион теңгені қолды қылды деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылы ауыл көшелерін жөндеуге 259 миллион теңге бөлінген. Мердігер және қосалқы мердігер компаниялардың директорлары өзара сөз байласып, атқарылған жұмыстар туралы жалған есептер жасаған.
Олар қағаз жүзінде асфальт төсеп, бетон құйып, құбырларды тартқан болып көрінген. Алайда, іс жүзінде жұмыстардың бір бөлігі мүлде орындалмаған немесе тек жартылай атқарылған. Осы «суреттелген» жөндеу үшін оларға бюджеттен нақты ақша аударылып, оны өзара бөлісіп отырған.
Осы алаяқтық салдарынан мемлекетке 56,5 миллион теңге көлемінде залал келтірілді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Күдікті кәсіпкерлердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Ал жөндеу жұмыстарын бақылауы тиіс, бірақ заңсыздыққа көз жұма қараған жергілікті шенеунік бұған дейін сотталған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден

