Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, Қарулы Күштердің қазіргі жай-күйі туралы есебін тыңдады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы қорғаныс ведомствосына бірқатар нақты міндет жүктеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақорданың ресми хабарлауынша, Дәурен Қосанов Жоғарғы Бас қолбасшыға армияның жауынгерлік әзірлігі мен Қарулы Күштерді дамытудың басым бағыттары туралы баяндады.
Сонымен қатар ол әскерге цифрлық технологияларды енгізу, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және қорғаныс инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Министр Президенттің Қарулы Күштердегі тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да есеп берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы Бас қолбасшы Қорғаныс министрлігіне армияның жауынгерлік әзірлігін одан әрі арттыру және әскери саладағы құқықтық тәртіпті күшейтуді тапсырды.
Фото: Әлеуметтік желіден

