Categories Жайық news

Жаңа Конституция: «Қысқа балақ пен сирек сақал ауылға дейін жайлады»

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев конституциялық комиссияның жұмысы өте қарқынды жүріп жатқанын айтты. Жиында зайырлылық, отбасы құндылығы және бір жынысты некеге тыйым салу мәселелері көтерілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай дінді мемлекеттен «тікелей және нақты» ажырату қағидатын Ата заңда бекіту қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, қазіргі редакцияда бұл норманың нақтыланбауы құқықтық белгісіздік қаупін тудырады.

Ал «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы білім мен мәдениеттің зайырлы сипатын заңда айқын көрсету керегін атап өтті.

«Соңғы ширек ғасырда «тыйым салатын әже», «қатал бедел» қалмаған кезде қара жамылғы, ұсқынсыз киім, қысқа балақ, ұзын да сирек сақал қаладан ауылға дейін жайлады. Дәстүрлі, тәрбиелі әрі білімді қазақ ортасына қара бұлт үйіріліп, рухани дүрбелең орнағандай сезім қалдырды. Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлттық дәстүрді жоққа шығаратын жалған діндарлар пайда болды. Ең қауіптісі — олар өз балаларын да жат бағытта тәрбиелей бастады», — деді ол.

Мәжілістегі «Amanat» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев қазіргі Конституцияда некенің нақты анықтамасы жоқ екенін жеткізді.

«Бүгінде әлемде негізгі ұғымдардың бұлыңғырлануы отбасы институтын бұзып қана қоймай, қоғамның моральдық бағдарын жоғалтуына әкеп соғып жатқанын көріп отырмыз. Біз Ата заңда неке тек ер мен әйелдің арасында болатынын, олардың бала сүйіп, елдің болашағын жалғайтынын бекітуді ұсынамыз. Қазақстан — егеменді ел, біз ғасырлар бойы ұлттық мемлекет ретінде қалыптасуымызды қамтамасыз еткен отбасылық құрылымды Конституцияда бекітуге құқылымыз. Кез келген елдің негізі — адам, ал дәстүрлі емес құбылыстар адам табиғатына қайшы», — деді Бейсенбаев.

Сондай-ақ жиында Әділет министрі Сәрсембаев жаңа тұжырымдаманы таныстырды. Оған сәйкес, президент жаңа парламент — Құрылтайдың келісімімен вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, ОСК-ның 6 мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындайды. Егер Құрылтай кандидаттарды мақұлдаудан екі рет бас тартса, президент оны таратуға құқылы болады.

Сенатор Нұрлан Бекназаров Құрылтайдың өкілеттіктеріне тоқталды. Ол партиялық тізім бойынша 5 жылға сайланады және 145 депутаттан тұрады. Құрылтай әр заңды 3 оқылымда қарайды, министрлердің есебін тыңдап, оларды қызметінен босату туралы президентке мәселе қоя алады. Бұл жағдайда президент тиісті министрді автоматты түрде қызметінен босатады.

Президенттің ұсынысымен қазіргі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының орнына «халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган» ретінде Халық кеңесі құрылуы мүмкін. Бұл жаңа органға партиялық Құрылтайға қарсы салмақ болуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар

Ақтөбелік зергер клиенттерін 12 миллион теңгеге алдап кеткен

Ақтөбеде клиенттердің алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп келген зергер ұсталды. Ол 20 адамды алдап, 12 млн…

A striking low angle view of a modern glass building against a clear blue sky, emphasizing urban architecture.

Мүлікке инвестиция: Пәтер 6% әкелсе, бұл сала 15% кіріс әкеледі

Сарапшы Діләрә Сейітнұрова Қазақстанда пәтерге инвестиция тиімсіз екенін айтты. Оның орнына қойма, стрит-ритейл және кеңселік…

Елдегі ең танымал бензин қымбаттап жатыр: Мораторий неге АИ-95-ке әсер етпеді?

Қазақстанда АИ-92 бағасы тұрақты болғанымен, сұранысқа ие АИ-95 жанармайының құны шарықтап барады. Сарапшылар бағаны шектеуге…